МАНСУР-ЖЕҢІМПАЗ!

Шалқар қаласында өткен бокстан республикалық турнирде біздің жас спортшымыз Мансур Омар жеңімпаз атанды.
Сәуір айының 20–24 аралығында Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевты еске алуға арналған бокстан республикалық турнир өтті.
Елдің әр өңірінен жиналған жас былғары қолғап шеберлері бақ сынаған дүбірлі додада аудан намысын қорғаған жас спортшы тамаша өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
2012–2013 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған байрақты бәсекеде Бадамша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Мансур Омар 44 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, жүлделі І орынды иеленді.
Турнирге Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Ақтөбе облыстарынан, сондай-ақ Мұғалжар, Шалқар, Алға және біздің ауданымыздан үміткерлер қатысып, жарыстың деңгейін айқындай түсті.
Жас спортшылардың шеберлігін шыңдаумен қатар, батыр тұлғаның ерлік жолын жас ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған тағылымды жарыста Мансур өзінің табандылығы мен дайындығын айқын дәлелдеді. Бұл – оның спорттағы алғашқы республикалық деңгейдегі жеңісі.
Айта кетейік, ол – №2 Бадамша орта мектебінің білім алушысы. Жас жеңімпазды жарысқа дайындаған жаттықтырушысы – Руслан Айбадуллин.
Бапкерінің айтуынша, Мансур бұған дейін аудандық және облыстық жарыстарда да жақсы нәтижелер көрсетіп, спорт жолындағы қарымды қадамын танытып келеді. Ал бұл жолғы жеңіс – оның талпынысы мен еңбегінің жарқын жемісі.
Жас спортшының бұл табысы – тек жеке жетістік қана емес, аудан спортының мерейін үстем еткен маңызды жеңіс. Алдағы уақытта да оның белестерді бағындырып, ел намысын қорғайтын дарынды спортшылар қатарынан көрінеріне сенім мол.
Жұлдыз КЕНЖЕ





