ҚАЛАМГЕРМЕН СЫРЛАСҚАН СЫРЛЫ КЕШ

Аудандық орталық кітапханада Ұлттық кітап күніне орай «Артық ғылым кітапта…» республикалық апталығы аясында жергілікті ақын-жазушы Еркін Бақтияровпен «Әдеби жүздесу» атты кездесу кеші өтті.
Тағылымды шараның басты мақсаты – оқырмандарды қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығымен таныстыру, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және әдебиет арқылы рухани құндылықтарды дәріптеу болды.
Кешке мекеме басшылары мен ардагерлер, аудан жастары мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Шара барысында кітапхана төрінде арнайы «Жас қалам – жас жүрек», «Талант пен еңбек жемісі» атты кітаптар мен жетістіктер көрмесі және «Қаламгердің көркем әлемі» фотогалереясы ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Рухани жүздесу ақын-жазушы Еркін Бақтияровпен сұхбаттасудан басталып, оның өмір жолы, шығармашылығы, алғашқы оқыған кітаптары, өмірлік ұстанымы мен әдебиетке келу жолы жайында мазмұнды әңгіме өрбіді. Кездесу кешін кітапханашы Гүлдана Калиева жүргізді.
Айта кетейік, Еркін Серікқалиұлы Әйтеке би ауданының тумасы. 2015 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы бастап, әр жылдары күзет қызметкері, өрт сөндіру саласының маманы, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, тарих пәнінің ұстазы, баспасөз хатшысы, бас редактордың орынбасары, жетекші маман және архив ісі жөніндегі әдіскер қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта аудан әкімінің аппаратында аударма жөніндегі редактор қызметін атқарып келеді.
Кездесу барысында автор өзінің «Комиссар Хансұлтан Тоғысұлы Сүйіншәлин» атты зерттеу еңбегінің жазылу тарихына тоқталып, тарихи тұлғаның өмір жолын зерделеу барысында жинақталған тың деректер туралы айтып өтті. Сонымен қатар кітап кейіпкерінің ұрпақтары бейнеқұттықтау жолдап, қаламгерге алғыс білдірді.
Шараның ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев Ұлттық кітап күнінің маңызына тоқталып, жастарды кітап оқуға баулудың қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар кеш қонағы Еркін Бақтияровтың шығармашылық ізденісіне табыс тілеп, арнайы Алғыс хат пен естелік сый табыс етті.
Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі – қаламгердің сөзіне жазылған «Балдәурен» және «О, Бурабай» әндерін кітапхана оқырмандарының орындауы болды. Автордың айтуынша, бұл туындылар табиғат аясындағы әсерлі сәттердің ықпалымен туған шығармашылық толғаныстың нәтижесі. Қазіргі таңда авторлық құқығы қорғалған аталған әндер тыңдарман жүрегінен орын алып, кеңінен орындалып келеді.
Сонымен қатар еліміздің әр өңірінен қаламгердің әріптестері мен замандастары жолдаған бейнеқұттықтаулар көрсетіліп, жүрекжарды тілектер оқылды. Бұл – автор шығармашылығының кең ауқымын айқындай түскен тағылымды сәттердің бірі болды.
Кеш барысында ұйымдастырылған фотокөрме мен жетістіктер көрмесін кітапханашы Ақерке Жақсылыққызы таныстырып, қаламгердің шығармашылық жолы, жетістіктері мен марапаттары туралы кеңінен мәлімет берді.
Кеш соңында қатысушылар сөз алып, қаламгердің шығармашылығына жоғары баға беріп, алдағы еңбектеріне табыс тіледі. Өз кезегінде Еркін Серікқалиұлы тағылымды кездесуді ұйымдастырған кітапхана ұжымына ризашылығын білдіріп, оқырмандарға өзінің жаңа туындысын тарту етті.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Нұргүл Мысаева сөз сөйлеп, қаламгерді шығармашылық кешімен құттықтап, Ұлттық кітап күніне орай оқырмандарға рухани байлық пен парасатты ой-өріс тілеп, кітапқа деген сүйіспеншілік әрдайым арта берсін деген ізгі ниетін жеткізді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА








