БОЛАШАҚ ЧЕМПИОНДАР МЕКЕНІ

Ауыл ажарын айшықтайтын, елдің еңсесін тіктейтін игі істердің бірі – халық игілігіне қызмет ететін әлеуметтік нысандар. 2024 жылы пайдалануға берілген аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешені бүгінде ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Уақыт өткен сайын оның маңызы артып, спортқа бет бұрған жасөспірімдердің қатары көбейіп келеді.
Аталмыш кешен Бадамша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қарамағында жұмыс істейді және аудан жастарының спортпен жүйелі айналысуына кең мүмкіндік беріп отыр.
Бұл – тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттайтын, тәртіп пен табандылыққа баулитын тәрбие мектебі. Қысқа мерзім ішінде кешен аудан спортының дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етуде.
Кешен 2024 жылдың желтоқсан айында ресми түрде ашылып, содан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Басты мақсат – аудан тұрғындарының денсаулығын нығайту, балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығын арттыру, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеу.
Бүгінде мұнда 9 спорт түрі бойынша 50 оқу-жаттығу тобы жұмыс жасайды. Атап айтқанда, жеңіл атлетика, дзюдо, волейбол, футбол, бокс, жүзу, еркін және қазақ күресі, тоғызқұмалақ секциялары тұрақты түрде өткізіледі. Әр бала өз қабілеті мен қызығушылығына сай бағыт таңдап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алады.
Кешен директорының міндетін атқарушы Амангелді Жүзбаевтың айтуынша, негізгі ұстаным – тек жеңімпаз тәрбиелеу емес, ең алдымен дені сау, жігерлі ұрпақ қалыптастыру.
– Біздің мақсат – спортты баршаға қолжетімді ету. Балалардың қызығушылығы жоғары, ата-аналардың қолдауы да айқын сезіледі. Ең бастысы – жас буынның уақытын тиімді өткізіп, спортты өмірлік серік етуі, – дейді ол.
Қазіргі таңда кешенге күн сайын орта есеппен 90-ға жуық оқушы қатысады. Ай сайын тұрақты түрде спортпен шұғылданатындардың саны 250-ге жетіп отыр. Бұл – аудан жастарының спортқа деген ынтасының айқын көрінісі. Барлық секциялар тегін негізде жұмыс істейді. Бұл – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік әрі әлеуметтік қолдау. Қысқа мерзім ішінде мұнда түрлі деңгейдегі спорттық шаралар ұйымдастырылып, аудан көлеміндегі турнирлер мен ашық біріншіліктер тұрақты өткізіліп келеді. Сонымен қатар кешен тәрбиеленушілері аудандық, облыстық жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болуда. Жас спортшылардың жеңістері – жүйелі жаттығу мен білікті бапкерлер еңбегінің нәтижесі.
Жетістікке қол жеткізіп жүрген оқушыларымыз аз емес. Олардың қатарында түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрген Ксения Шмальц, Илья Томчук, Лаура Қайыржанова, Андрей Мороз, Станислав Тышко, Әмірхан Мұхамбетқали, тағы да басқа спортшыларды ерекше атап өтуге болады. Аталған оқушылар облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп, аудан намысын абыроймен қорғап келеді.
Бүгінде ауданымыздағы Бадамша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, өңір абыройын асқақтатып келеді. Спорт мектебінен түлеп ұшқан дарынды спортшылар республикалық және халықаралық ареналарда ел намысын қорғап, ұлттық құрамалар сапында өнер көрсетуде. Олардың қатарында волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Томирис Сағымбаева, халықаралық турнирлердің қатысушысы Нұрсұлтан Бимурза, тоғызқұмалақтан әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Мөлдір Серікқызы, Азия чемпионы Ернұр Мұратқали, халықаралық додаларда табысты өнер көрсетіп жүрген дзюдошы Нұржан Бисенов пен самбо және дзюдодан әлемдік жарыстардың жүлдегері Дарина Тастаева бар.
Сондай-ақ жас спортшылардың жаңа буыны да республикалық чемпионаттар мен облыстық құрама сапында өнер көрсетіп, аудан мерейін үстем етіп келеді. Бұл — жүйелі дайындық пен жаттықтырушылар еңбегінің нақты нәтижесі.
Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған кең әрі қауіпсіз спорт залдары сапалы жаттығу өткізуге толық жағдай жасайды. Мекемеде 94 қызметкер еңбек етеді. Тәжірибелі жаттықтырушылар мен білікті мамандар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, сенімін арттыруда. Кешкі уақытта тренажерлық зал ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бейімделген жаттығулар мен жүзу сабақтары ұйымдастырылған. Бұл – кешен жұмысының әлеуметтік бағыттағы маңызын айқындайды.
Қорыта айтқанда, дене шынықтыру-сауықтыру кешені – аудан өміріндегі маңызды нысан ғана емес, ел болашағына бағытталған берік инвестиция. Мұнда тек спортшылар емес, мақсатшыл, жігерлі, салауатты ұрпақ қалыптасып келеді. Ал бұл – ертеңгі жарқын күннің кепілі.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА












