АРТУРДЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

Астана қаласында өткен республикалық білім додасында аудан намысын қорғаған Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының 8 «А» сынып оқушысы Артур Нечаев жүлделі ІІІ орынды иеленді.

8–11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалары конкурсы – еліміздегі дарынды жастар бас қосатын, білім мен ғылым сынға түсетін беделді алаң.

Байқаудың қорытынды кезеңі Астана қаласында өтіп, үздік жобалар іріктелді. Мықтылар арасынан суырылып шыққан оқушымыз Артур физика пәні бойынша дайындаған ғылыми жобасын жоғары деңгейде қорғап, қазылар алқасының лайықты бағасына ие болды.

                                     

Жас зерттеушінің ғылыми жетекшісі – Алла Хорольская. Ұстаз бен шәкірттің тынымсыз ізденісі мен жүйелі дайындығының арқасында жүлделі орынға қол жеткізілді. Бұл жеңіс – табандылық пен мақсаткерліктің жарқын көрінісі.

Жеңіспен оралған Артурды 28 ақпан күні Никельтау станциясында мектеп ұжымы зор қуанышпен қарсы алды. Пойыздан түскен сәтте ұстаздары, ата-аналары мен жақындары жылы лебіздерін білдіріп, құрмет көрсетті. Бұл – ортақ қуаныш пен мақтанышқа толы ерекше сәт болды.

Сондай-ақ, жеңімпазға мектеп қабырғасында салтанатты құттықтау рәсімі ұйымдастырылып, сыныптастары Артурды зор қошеметпен қарсы алды. Мектеп әкімшілігі жас дарынның жетістігін ерекше атап өтіп, оның алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.

Артурдың бұл жеңісі – білімге деген құштарлықтың, табандылықтың және сапалы тәлімнің жемісі. Осындай талапты, ізденімпаз жастар барда ауданымыздың білім саласы жаңа жетістіктермен толыға беретіні сөзсіз.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерЖетістік