АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ: АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін Алғыс айту күні – ел ішіндегі сыйластық пен құрметтің айрықша белгісі. Бұл мереке – өткенге тағзым жасап, ел дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіретін тағылымды күн.
Осыған орай аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев Петропавл ауылдық округі мен Шәмші Қалдаяқов ауылына арнайы барып, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетті.
Аудан басшысы алдымен Петропавл ауылына барып, саналы ғұмырын туған жердің өркендеуіне арнаған азаматтармен кездесті. Ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан, кезінде «Табиғат» ЖШС-ін басқарып, іскерлігімен танылған Петр Лясотаға және «Арман» шаруа қожалығын табысты жүргізіп, ауыл экономикасының нығаюына еңбек сіңірген Жұмабек Көлжановқа ризашылығын білдірді. Олардың жылдар бойғы қажырлы еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілеті ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бергенін ерекше атап өтті.
Сапар барысында аудан әкімі Шәмші Қалдаяқов ауылына да барып, мұнда отбасы құндылығын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесінде өнеге көрсеткен ардақты аналарға құрмет көрсетті. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері Роза Қуандықоваға және III дәрежелі «Батыр ана», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, ұзақ жыл сауыншы болып еңбек еткен Мария Есенғалиеваға шынайы алғысын жеткізді. Олардың адал еңбегі мен аналық мейірімі – бүгінгі қоғам үшін үлкен үлгі.
Кездесу барысында аға буын өкілдерінің өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі туралы жылы естеліктер айтылып, ізгі тілектер білдірілді. Аудан басшысы ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, олардың өмірлік тәжірибесі мен парасаты жас ұрпақ үшін әрдайым тағылым көзі екенін атап өтті.
Алғыс айту күні – бір күндік мереке ғана емес, ол – жүректегі ризашылықтың жарқын көрінісі. Еңбекпен елге үлес қосқан жандарға құрмет көрсету – ұлт ұлағатын арттыратын асыл дәстүр. Осындай игі кездесулер арқылы ұрпақ сабақтастығы жалғасып, ел бірлігі нығая түсері сөзсіз.
Қарғалы-АҚПАРАТ







