ҰСТАЗ ЕСІМІ – ҰРПАҚ ЖАДЫНДА

Жуырда Петропавл спорт кешенінде саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған, ұстаздық жолымен ел ықыласына бөленген Қощиев Әділет Рамазанұлының рухына арналған волейболдан еске алу турнирі өтті.

Бұл спорттық дода аталмыш спорт кешенінің бастамасымен ұйымдастырылып, аудан көлеміндегі бірқатар командалардың басын қосты.

Турнирге барлығы 7 команда қатысып, тартысты әрі жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, Петропавл орта мектебі, Петропавл жастары, Шәмші Қалдаяқов ауылы, Қосестек, Ащылысай ауылдары, сондай-ақ Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы мен №2 Бадамша орта мектептерінің командалары ұстаз рухына тағзым етіп, алаң төрінде өзара мықтыны анықтады.

Еске алу турнирінің ашылу рәсімінде Әділет Рамазанұлының әкесі мен бауырлары сөз алып, оның өмір жолы, адамгершілік болмысы мен ұстаздыққа адалдығы жайындағы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, тебірене еске алды.

Айта кетейік, Әділет Қощиев 1994 жылдың 17 желтоқсанында Ақтөбе облысы, Хобда ауданында дүниеге келген. 2010–2014 жылдары Ақтөбе қаласындағы Ауыл шаруашылығы колледжінде «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша білім алып, 2016–2019 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2014 жылы Жиренқопа орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бастаған ол, 2016 жылдан бастап Петропавл орта мектебінде қызмет атқарады. Бірнеше жыл бойы шәкірттерін спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттауда табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсете білген білікті ұстаз. Сондай-ақ, ол тек ұстаз ғана емес, ел ісіне бейжай қарамайтын белсенді азамат болды. Ол 2021 жылы өткен Желтау ауылдық округі сайлауында учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарса, 2022 жылғы республикалық референдум кезінде осы комиссияның төрағасы ретінде жауапты міндетті абыроймен орындады.

Ұстаздық саладағы қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін ол «Спорт жұлдыздары» журналы редакция алқасының шешімімен «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – оның шәкірттері мен әріптестері алдындағы беделінің айқын дәлелі.

Өкінішке қарай, 2023 жылы Әділет Рамазанұлының ғұмыры мезгілсіз үзілді. Алайда оның жарқын бейнесі, ұстаздыққа адалдығы мен адами асыл қасиеттері ел жадында мәңгі сақталмақ.

Ұстаз рухына арналған спорттық дода нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, І орын – Петропавл орта мектебіне, ІІ орын – Петропавл жастарына, ІІІ орын – Ащылысай ауылдық округінің командасына бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерТурнир