АУДАН ӘКІМІНІҢ ШЫРШАСЫ ӨТТІ

Жаңа жыл – жақсылық пен жаңарудың, үміт пен шаттықтың символы. Бұл мереке, әсіресе, балалар үшін ерекше қымбат. Себебі әрбір бүлдіршін осы күндері ғажайыпқа сеніп, жүрегінде қуаныш пен арманға толы сезім ұялатады. Осындай ізгі дәстүрдің жалғасы ретінде Бадамша мектеп–бөбекжай-бақшасында аудан әкімінің дәстүрлі Жаңа жылдық шыршасы өтті.
Мерекелік кешке арнайы безендірілген зал көз тартар әсемдігімен, жарқыраған шамдарымен және ертегі әлемін елестеткен көріністерімен көпшілікті бірден баурап алды. Жаңа жылдық шырша балғындардың көңілінен шығатындай ойластырылып, нағыз мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова, аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов, «AMANAT» партиясы Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова және білім беру ұйымдары мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Жаңа жылдық кешке аудан орталығы мен оған қарасты барлық округтердегі мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарынан білімде, шығармашылықта және спорт саласында жетістікке жетіп жүрген дарынды оқушылар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100 бала шақырылды. Бұл — өскелең ұрпаққа деген ерекше қамқорлық пен жанашырлықтың айқын көрінісі.
Мерекелік сахнада Аяз ата мен Ақшақар, түрлі ертегі кейіпкерлері көрініс тауып, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әндер шырқалып, жүрекке жылы тиер тақпақтар оқылды, көңілді қойылымдар мен әсерлі би нөмірлері орындалып, кеш шынайы думанға ұласты. Балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүздері залды мейірім мен жылылыққа бөледі.
Думанның ашылуында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев сөз сөйлеп, балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ол өскелең ұрпаққа әрдайым биік мақсат қойып, білімді, өнерлі, елінің абыройын асқақтататын азамат болып өсулеріне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, жаңа жыл әр шаңыраққа береке мен бақыт, ал балаларға жарқын болашақ сыйласын деген ізгі ниетін жеткізді.
Кеш барысында балалар мен ертегі кейіпкерлері бірлесіп, шыршаның шамдарын жағып, жаңа жылдың жарқын сәтін бірге қарсы алды. Ескі жылды салтанатты түрде шығарып салып, келе жатқан 2026 — жылқы жылын қарсы алу сәті мерекенің мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Шара соңында барлық қатысушы балаларға аудан әкімі арнайы жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, олардың қуанышын еселей түсті. Сыйлыққа толы сөмкелер мен жарқыраған жүздер кештің ең әсерлі сәттерінің біріне айналды.
Осылайша, аудан әкімінің Жаңа жылдық шыршасы бүлдіршіндерге ұмытылмас әсер сыйлап, мейірім мен қуанышқа толы тағылымды мерекеге айналды. Бұл жарқын сәттер балалардың жүрегінде ұзақ сақталып, келер жаңа жылды асыға күтетін жылы естелік болып қалары сөзсіз.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА















