300 Әлия бас қосты

Форум
Ақтөбеде қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Мен — Әлиямын» атты ерекше форум өтті. Шараға Әлия есімді 300-ден астам қыз-келіншек қатысты. Олардың ең жасы екі айлық сәби болса, үлкені — 88 жастағы әже.
Форум бірнеше бөлімнен тұрды. Алдымен қатысушылар Әлия ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті. Бұдан соң Ақтөбе қалалық мәдениет сарайы алаңында Әлиялар шеруі өтті. Бір-бірімен танысып, мәре-сәре болған аттас арулар қызыл кілеммен жүріп өтіп, оларға арнайы мерейтойлық төсбелгілер тарту етілді.
Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бейсенғалиеваның айтуынша, форумға жиналған 300 қатысушының дені — дәрігерлер мен мұғалімдер. Сондай-ақ өнер және спорт саласының үздіктері. Әрқайсысы өз саласында жетістікке жетіп, елге қызмет етіп жүрген жандар.
— Форумның басты мақсаты — Әлия есімін ұлықтау, ерлік пен қайсарлықтың символына айналған батыр қыздың есімін алып жүрудің өзі зор құрмет екенін ұғындыру. Форумның ерекшелігі сол — Әлия есімді қыз-келіншектердің анықтамалығын жасау барысында көптеген қызықты мәліметтер жинадық. Қатысушылардың 40 пайызға жуығы Ақтөбе қаласында туған. Облыс бойынша ең көп Әлия есімі Қобда ауданында екен.
Өңірде екі Әлия Молдағұлова, батырдың туған күнінде дүниеге келген 4 Әлия бар. Сондай-ақ таңғы сағат 7.45-те тағы бір Әлия дүниеге есігін ашты. Күні бүгін ғана өмірге келген кішкентай нәрестенің ата-анасының келісімімен, есімін Әлия деп қойдық.
Статистикалық анықтама жүргізу барысында соңғы уақытта Әлия есімін беру қалып бара жатқандығын байқадық. Себебі қатысушы 300 Әлияның ішінде балалардың пайызы төмен. Сондықтан алдағы уақытта Әлияның есімін көбірек ұлықтауымыз қажет, — дейді Гүлжайна Бейсенғалиева.
Әлия Райымбайқызы 1947 жылы Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында өмірге келген. Ол батыр қыздың ерлігін жас ұрпаққа үлгі-өнеге етуіміз керек екендігін айтады.
— Менің есімімді әкем қойған. Соғыс жүріп жатқан тұста әкем де әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған. Қаншама азамат Отан қорғауда жанын берді. Соның ішінде батыр қыз Әлияның есімі ерекше аталады. Біз бейбіт күннің қадірін жете түсініп өстік. Қазіргі жастарымыз да солардың ерлігін үлгі етсе екен дейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, — деп батасын берді қария.
Шараның ашылуында Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейдің бөлім басшысы Әлия Ақниязова батырдың өнегелі өмірі мен ерлігі туралы баяндама оқыды. 5-7 жастағы Әлиялар ән-жырдан шашу шашты. 300 қатысушының арасындағы жалғыз өзге ұлт өкілі Қобда ауданы Әлия ауылынан келген Әлия Калуда да батырға арнаған өлеңін оқып берді.
Байғанин ауданында дәрігерлер отбасында дүниеге келген 58 жастағы Әлия Молдағұловамен де тілдескен едік. Оның есімін Әлиядай қайсар мінезді, қазақ халқының батыры болсын деген ниетпен Молдағұл атасының ағасы, Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов қойған.
— Әкем Бақтығали Жазықов 35 жыл Байғанин аудандық ауруханасының бас дәрігері болды. Анам да дәрігер. Есімімді Қожабай Жазықов атам қойған. Әрине, батырдың ұрпағы болғаным әрі батыр қыздың есімін алғаным үшін ерекше мақтаныш сезімі кернейді. Аты-жөнімді алғаш естігендер таңданып жатады. Бұл есімді алып жүру — мен үшін үлкен жауапкершілік. Батырдың мінезі мен қайсарлығы менің медицина саласын таңдауыма да әсер еткен шығар деп ойлаймын, — дейді Отбасылық медицина орталығының дәрігері Әлия Молдағұлова.
Ең кішкентай үш Әлия анасымен сахнаға шақырылып, оларға сыйлықтар табысталды. Форумға келген Әлия Молдағұловалар да сөз сөйлеп, оларға гүл шоқтары ұсынылды. Батырдың туған күнінде дүниеге келген Әлиялар да ұмыт қалмады.
Форумның кішкентай қатысушыларының бірі — 5 айлық Әлия Мирланбекқызы.
— Екінші қызым Әлия 7 айлық кезінде мезгілінен бұрын дүниеге келді. Кездескен қиындықтарға төтеп беруге тырыстық. Кішкентайымыз отбасымыздың көз қуанышы болып өсіп келеді. Әкесі қазақтың қайсар қызындай батыр болсын деген ниетпен атын Әлия деп қойды. Батырдың есімімен аттас болғаны — біз үшін үлкен мәртебе, — дейді сәбидің анасы Алина Жаңабылова.
Шара соңында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев қоғам дамуына үлес қосып жүрген, белгілі бір салада үздік жетістіктерге жеткен 22 Әлияға Алғыс хат табыстады. Олардың қатарында еңбек ардагері Әлия Бисенғазина, медицина саласына еңбегі сіңген меценат Әлия Смағұлова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің биология кафедрасының доценті Әлия Базарғалиева, т.б. бар.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.
aqtobegazeti.kz