2025 ЖЫЛҒЫ 1 ҚАҢТАРДАН БАСТАП ЖЕКЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КІТАПШАЛАРДЫ БЕРУ, ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӘНЕ ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ

Жеке медициналық кітапша (ЖМК) – бұл міндетті медициналық тексерулердің нәтижелері мен жұмысқа жіберілгенін растайтын жеке құжат. Заңнаманың өзгеруіне байланысты барлық деректер қызметкердің электрондық цифрлық қолтаңбасымен және медициналық мекеменің QR-кодымен куәландырылады.

Енді 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жеке медициналық кітапшаларды беруді ресурстарды басқару жүйесінде тіркелген медициналық ұйымдар жүзеге асыратын болады.

Ол үшін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі көрсететін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жөнінде шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, жеке медициналық кітапшаны (ЖМК) беруді автоматтандыру процесі аяқталу шегінде. Бұл бағытта Smart bridg платформасында деректерді қабылдау бойынша қызметтер жарияланды.

Қазіргі уақытта медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде, нәтижесінде «Е-Денсаулық» сервисі «жеке медициналық кітапша» модулінің деректерін қабылдауды бастайды.

Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелермен синхрондау арқылы ЖМК модуліне автоматты түрде көшірілетін болады. Егер ақпарат болмаса, деректер қолмен енгізіледі.

ЖМК иесі туралы ақпаратта кәсіп, лауазым, жұмыс орны, туған күні және тұрғылықты жері көрсетіледі.

Медициналық тексерулердің, зертханалық зерттеулердің нәтижелері, сондай-ақ өткен жұқпалы аурулар мен профилактикалық егулер туралы ақпарат медициналық ақпараттық жүйемен үндестіріліп, ЖМК-ға көшірілетін болады.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖМК беру онлайн форматта жүргізіліп, медициналық тексеруден өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді, жұмысқа жіберу туралы рұқсаттама мөрін алу үшін терапевтке қайта бару қажеттілігін болдырмай нәтижелерді Жеке кабинеттен алуға мүмкіндік жасалады.

Қарғалы-АҚПАРАТ