2025 ЖЫЛДЫҢ ҚАҢТАР АЙЫНАН БАСТАП НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Күнтізбе ауысуына байланысты 2025 жылы біраз өзгерістер орын алмақшы. Оның кейбірі – заңнама тәрті­бінде көзделген өзгерістер болса, кейбірі – былтырғы бастамалардың заңды жалғасы.

2025 жыл жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды.

Қандай төлемдер мен жәрдемақылар өседі?

2025 жылдың басынан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың барлық мөлшері 6,5 пайызға өседі. Әлеуметтік кодекске сәйкес балалары бар отбасыларға республикалық бюджет қаражатынан мынадай жәрдемақылар тағайындалады:

1) баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері мынадай болады:

1-ші, 2-ші, 3-ші бала дүниеге келген кезде 149 416 теңге (38 АЕК);

4 және одан көп бала туған кезде 247 716 теңге (63 АЕК).

2) бала бір жарым жасқа толғанға дейін оған күтім жасауға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (жұмыс істемейтін әйелдер үшін):

бірінші балаға 22 649 теңге (5,76 АЕК);

екінші балаға 26 777 теңге (6,81 АЕК);

үшінші балаға 30 867 теңге (7,85 АЕК);

төртінші және одан да көп балаға 34 995 теңге (8,90 АЕК).

3) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар, оның ішінде жалпы орта, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға олар 18 жасқа толғанға дейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы. Жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалардың санына байланысты белгіленеді:

4 баласы бар отбасыларға — 63 030 теңге (16,03 АЕК);

5 баласы бар отбасыларға — 78 798 теңге (20,04 АЕК);

6 баласы бар отбасыларға — 94 565 теңге (24,05 АЕК);

7 баласы бар отбасыларға — 110 332 теңге (28,06 АЕК);

8 және одан көп баласы бар отбасыларға — әр балаға 15 728 теңгеден (4 АЕК).

4) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы:

«Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталғандарға 29 097 теңге (7,4 АЕК); «Күміс алқа» алқаларымен марапатталғандарға 25 165 теңге (6,4 АЕК).

5) мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға ол 18 жасқа толғанға дейін тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы көлемі — 74 428 теңге.

6) Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы (55 жастан бастап зиян еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін) 6,5 пайызға өседі. Жәрдемақы мөлшері — 92 456 теңге.

7) Арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де 6,5 пайызға артады:

ҰОС қатысқан, мүгедектігі бар адамдарға — 62 912 теңге (16 АЕК);

ҰОС қатысушыларына — 62 912 теңге (16 АЕК);

ҰОС мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға — 29 687 теңге (7,55 АЕК);

ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға — 24 340 теңге (6,19 АЕК);

ҰОС-да қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне — 17 616 теңге (4,48 АЕК);

ҰОС мүгедектігі бар қайтыс болған адамдардың әйелдеріне (күйеулеріне) — 10 066 теңге (2,56 АЕК);

Социалистік Еңбек, Кеңес Одағының батырларына, ҰОС қатысушылары арасынан шыққан Социалистік Еңбек батырларына, Кеңес Одағының батырларына, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» 545 094 теңге (138,63 АЕК);

«Халық Қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға 545 094 теңге (138,63 АЕК);

қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) әскери қызметшілердің отбасыларына 18 048 теңге (4,59 АЕК);

ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне (38 963 адам) — 8 376 теңге (2,13 АЕК);

Чернобыль АЭС-тағы апатты жоюға қатысушыларға — 18 874 теңге (4,80 АЕК);

I және II топтағы мүгедек адамдарға — 6 724 теңге (1,71 АЕК);

III топтағы мүгедектігі бар адамдарға — 2 910 теңге (0,74 АЕК);

7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға — 4 326 теңге (1,10 АЕК);

Мүгедектігі бар немесе зейнеткер саналатын саяси қуғын-сүргін құрбандарына — 4 837 теңге (1,23 АЕК);

Ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға (139 адам) — 4 837 теңге (1,23 АЕК);

Басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік әрекеттердің ардагерлеріне, оның ішінде: Ауғанстанда — 24 340 теңге (6,19 АЕК); тәжік-ауған учаскесінде, Ирактағы бітімгершілерге, Таулы Қарабақта — 18 874 теңге (4,80 АЕК).

Зейнетақы өседі

2025 жылдың қаңтар айынан бастап барлық әлеуметтік төлемнің көлемі артады. Мәселен, зейнетақы төлемдерінің индексациясы жасалады. Зейнетақы 8,5 процентке өседі. 2025 жылы алатын зейнетақыны есептеу үшін қазіргі зейнетақыдан базалық және БЖЗҚ төлемдерін алып тастау керек, қалған соманы 8,5 процентке көбейтеді. Сонда әрбір адам өзінің зейнетақысы қаншаға өскенін біле алады.

2025 жылдағы негізгі көрсеткіштер:

ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңге;

ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңге;

ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге.

Ал айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгеге дейін көтеріледі. Оны әлеуметтік төлемдерді есептегенде қолданады.

Айлық есептік көрсеткіш қалай өзгереді?

Қазақстанда 2025 жылға арналған айлық есептік көрсеткіш (АЕК) бекітілді. Оның мөлшері — 3 932 теңге. 2024 жылмен салыстырғанда АЕК мөлшері 6,1 пайызға, 240 теңгеге өсті.

Айлық есептік көрсеткіш мына жағдайларда қолданылады:

Жәрдемақы, зейнетақы және әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу;

Салық және басқа да міндетті төлемді есептеу;

Айыппұл мен басқа санкциялардың мөлшерін анықтау.

Жыл сайын АЕК мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі. Заңға Қазақстан Президенті 2024 жылғы 4 желтоқсанда қол қойды.

Айыппұлдардың көлемі өседі

2025 жылы айлық есептік көрсеткіш көтерілгеннен кейін айыппұлдардың көлемі де артады. Себебі, оны да АЕК-пен есептейді.

Көлік рөліне жүргізу куәлігінсіз отырғаны үшін 5 АЕК – 19 660 теңге (2024 жылы — 18 460 теңге);

Полицияға бағынбағаны үшін 40 АЕК — 157 280 теңге (2024 жылы — 147 680 теңге);

Көлікпен жаяу жүргіншілер жолағымен жүргені үшін 15 АЕК – 58 980 теңге (2024 жылы — 55 380 теңге);

Қоғамдық көліктің ақысын төлемегені үшін 2 АЕК – 7 864 теңге (2024 жылы — 7 384 теңге);

Жалдамалы пәтерде тіркеуге тұрмағаны үшін 7 АЕК – 27 524 теңге (2024 жылы — 25 844 теңге),

Ал үйдің иесіне 10 АЕК – 39 320 теңге (2024 жылы — 36 920 теңге);

Темекі тұқылын терезеден немесе балконнан лақтырғаны үшін 5 АЕК – 19 660 теңге (2024 жылы — 18 460 теңге);

Қоғамдық жерде балағат сөз айтқаны үшін 20 АЕК – 78 640 теңге (2024 жылы — 73 840 теңге);

Тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК – 19 660 теңге (2024 жылы — 18 460 теңге);

Көшені ластағаны үшін 10 АЕК – 39 320 теңге (2024 жылы — 36 920 теңге).

Отбасы банкі баспана кезегін жүргізеді

Биылдан бастап Отбасы банк ұлттық даму институты ретінде қызмет көрсетуге кірісті. Банк баспана кезегін жүргізіп қана қоймай, тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын да атқарады. Ол үшін қаржы институты негізінде тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, оған баспана кезегі, яғни бірыңғай республикалық элеткронды база беріледі.

Сонымен қатар, Отбасы банкі жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді жалғастырады.

Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл, бірінші кезекте, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Салық мөлшері артады

2025 жылы салық заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Атап айтқанда, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың есебінен төленетін салықтардың мөлшері артады. Олар:

Әлеуметтік аударымдар – 5 процент (2024 жылы 3,5 процент болған);

Әлеуметтік салық – 11 процент (2024 жылы 9,5 процент болған);

Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы аударымдары – 2,5 процент (2024 жылы 1,5 процент болған);

Жұмысшылардың міндетті зейнетақы аударымдары – 10,5 процент (2024 жылы 10 процент болған).

«Келешек» басталады

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда «Келешек» ерікті жинақтау бағдарламасы іске қосылады. Соның аясында балалардың оқуына ақша жинауға мүмкіндік болады. Оған қоса екі жақтан сыйақы төленеді.

Бағдарлама шарттары:

Бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бір реттік бастапқы капитал – 60 АЕК (2025 жылы 230 920 теңге) түседі;

Ата-ананның міндетті салымдары – ай сайын 1-3 АЕК (2025 жылы 3932 – 11 796 теңге);

Мемлекеттің 7 процентке дейінгі сыйақысы;

Банктердің сыйақысы;

Бала 18 жасқа толғанда ұлттық қордан түсетін ақша.

«Келешекпен» жоғары білімге, колледж немесе магистратураға ақша жинауға болады. Ал бала грантқа түскен жағдайда оқуды бітіргеннен кейін дипломды көрсетіп, барлық ақшаны сыйақысымен бірге алып кете алады.

Онлайн кредиттер үшін жаңа талап күшіне енеді

1 қаңтардан бастап онлайн кредит алу үшін биотметриялық верификациядан өту міндеті енгізіледі. Ал қарыз алу туралы келісімшартқа электронды-цифрлық қолтаңба қою қажет. Онсыз онлайн кредит берілмейді.

Айта кетері, бұған дейін жеке тұлғаларға жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салынған болатын. Бұдан бөлек, әрбір қазақстандық «электронды үкіметтің» веб-порталында және «eGov Mobile» мобильді қосымшасында өз атына кредит рәсімдеуге тыйым сала алады.

Ауыл шаруашылығы санағы өтеді

Қазақстан үкіметі 2023 жылдың 29 желтоқсанында қабылдаған қаулыға сәйкес, келесі жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы өтеді.

Санақ 2025 жылдың 1 тамызы – 20 қазаны аралығында өтеді. Санақты жүргізген кезде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру арнайы құрылған комиссияға жүктеледі.

Айта кетейік, Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бір рет қана, 2006-2007 жылдары өткізілген.

Декларация

Жалпыға бірдей декларацияның төртінші кезеңі 2025 жылғы 1 қаңтардан басталуы керек болған. Яғни алдыңғы кезеңде қамтылмаған ересек азаматтардың бәрі декларация тапсыруы қажет еді. Бұл топқа жеке тұлғалар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер кіретін. Үкімет оларды табыс декларациясын өткізу міндетінен босатты.

Шәкіртақы

2025 – 2027 жылдарға арналған республика бюджетінде студенттердің шәкіртақысын 15-20 пайызға көтеру көзделген. Мемлекеттік шәкіртақының қалай өсетіні туралы үкіметтің қаулысында да жазылған. Аталмыш  қаулыға сәйкес, 2025 жылы колледж студенттерінен басқалардың бәрінің шәкіртақысы өседі.

Интернет материалдары бойынша дайындаған Жұлдыз КЕНЖЕ